Құдая, құдіретіңмен сақтағайсың – Шал Құлекеұлы

Бұл бетте «Құдая, құдіретіңмен сақтағайсың» атты Шал Құлекеұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Құдая, құдіретіңмен сақтағайсың,
Хақ деген пендең болса тастамайсың,
Су құйса төгілмейтін боз жорғаның
Аяғын аңдаусызда қақпағайсың.
Құдая, жаманыңмен теңді қылма,
Құрбымнан өзім теңді кемді қылма.
Жаратқан барша жанды, пəруардігер,
Өзімдей пенделерге пенде қылма.
Ойнағы жын перінің Қап тауында,
Пенденің ойын, күлкі ден сауында.
Ер адам мақсатына жетпей қоймас,
Тілеуін алып өткен перғауын да.
Сөйлеп қал, қызыл тілім, жақ барында,
Кеудеде – ақыл, маңдайда – бақ барында.
Мың сайтан, жүз пəлекет қамаса да,
Бір тəңрі қағып шығар сақтарында.
Дария – сия болса, қамыс – қалам,
Жер жүзі қағаз болса рахаттанам.
Мұсылман қасіретімді шығара алмас,
Жиылып жатса-дағы перзент табам.
Аянбай мен түсейін намысыма,
Қырымнан көз сала бер шабысыма.
Жүлде алып келе берген жүйрігіңді,
Қоса бер, аш, тоқ демей шабысына.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері