Өлең, жыр, ақындар

Ағайын

  • admin
  • 01.09.2024
  • 0
  • 0
  • 314
1. Алыстап кетсең сағынған,
Соныңнан іздеп сабылған.
Қуаныш пен қайғыңа
Өзіңнен бетер шабылған.
Аңқылдаған ағайын
Жарқылдаған ағайын,
Өздерің барда қашан да
Ойын да сауық маңайым.

2. Өзгеге әсте қимаған,
Жанымда жүр деп қинаған.
Төбеңді көріп мәз болып,
Пайғамбарындай сыйлаған.
Пана да болған ағайын,
Дана да болған ағайын.
Көңілді кіршең қалдырып,
Ала да болған ағайын.

3. Берерін пұлсыз беретін,
Жанындай жақсы көретін.
Мінезің бар-ау шырт етпе,
Өсекке көзсіз еретін.
Қолтығы қойнау ағайын,
Жағасы жайлау ағайын.
Ара да түсер ажалға
Шұрқырап келіп әрдайым.

4. Бақытың ұшса, басыңнан,
Табылар әр кез, қасыңнан.
Ағайынға кім жетсін,
Мойныңа қолы асылған.
Тіреуің болар ағайын,
Сүйеуің болар ағайын.
Жақсы менен жаманның
Өткізер бірге талайын.

5. Жоламас жуық жаттайын,
Қаттылығы тастайын.
Бауыр деп барсаң қасына
Кететін безіп қастайын.
Жаны да бөлек ағайын,
Қамы да бөлек ағайын.
Қысқа да ғұмыр тірлікте
Көрдік-ау оның талайын.

6. Тату да болсаң – қыл өтпес,
Тірлікке мынау – сый жетпес
Дүркіреп өтер жалғанға
Кімдер келіп, кім кетпес.
Сәнім де болғай, ағайын,
Әнім де болғай ағайын.
Жамандап сені өзгеге,
Жақсыны қайдан табайын.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Біз екеуміз

  • 0
  • 0

Біз екеуміз
Қайтқан қаздай,
Жұпты жазбай.
Құттыбек Баяндин

Толық

Кер толғау

  • 0
  • 0

Кер толғау
Тілекті Тәңір бере гөр!
Далада жортқан жезкиік,
Құттыбек Баяндин

Толық

Іңкәр көңіл

  • 0
  • 0

Іңкәр көңіл
Өзіңе ғұмыр бойы іңкәр көңіл,
Үкілі домбырамнан күй боп төгіл.
Құттыбек Баяндин

Толық

Қарап көріңіз