Ғаламды жаратпас текке – Сағыныш Намазшамова

Бұл бетте «Ғаламды жаратпас текке» атты Сағыныш Намазшамова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Ғаламды жаратпас текке,
Жер бізге, біз Жерге кімбіз?!
Күлімдеп тұратын көкте
Күн деген – жай ғана жұлдыз.

Аспанның ажары дер ме,
Жұлдыздың жанары – шырақ.
Шырақтар тамады жерге
Асығып, адасып, құлап…

Құлау мен құлдырау теңдей,
Көңілің құлазиды аздап.
Сол шырақ жерде де сөнбей
Кеудемде тұрады маздап.

Білмеймін, көктен не көрдім?
Аңырып қараймын Айға.
Серігі емес пе ең Жердің
Селкеусіз сенімім қайда?

Жұлдыздар ілінген зәуге
Күрсініп қарайды бір қыз.
Күн деген – сөнбейтін сәуле,
Күн деген – ең алып жұлдыз.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері