Өлең, жыр, ақындар

Мазақ сурет

  • admin
  • 12.09.2024
  • 0
  • 0
  • 150
Мазақ сурет салуға
Бейім менің қаламым.
Жұрт көңілін табуға
Тырысып-ақ бағамын.
Жалқау, сотқар салақ боп
Жақпай жүрсе кім көпке,
Түзелсін деп сабақ боп,
Салып қоям суретке.
Сотқарлығы Төленнің
Кеткеннен соң асқынып,
Газетте оны шенедім
Жалақтаған қасқыр ғып.
Ақсиып тұр ол міне,
Келтіреді күлкіңді.
Өз суретін көрді де,
Төлен маған ұмтылды.
Қанаса да тұмсығым,
Реті жоқ жылаудың.
«Қасекеңе» бұл сыным
Батқанына қуандым.
Әжем бірде:
– Үй толып,
Тышқан қаптап кетті, – деп,
Еркелеген сүйкеніп
Мысекеңді сөкті кеп.
Мысық, бірақ сөгістен
Шығармады қорытынды.
Бас тартқандай ол істен
Бос өткізді он күнді.
Сөгіс, сөгіс дегенше,
Сын батар деп ойладым.
Мазақ сурет
Төленше
Тулатар деп ойладым...
Дайын болды суретім,
Тезге салсын сын қысып:
«Бұл – ұмытып міндетін,
Сұлап жатқан сұр мысық.
Шыға келген тұс-тұстан
Төрт-бес тышқан шауып жүр.
Үстінде де
Үш тышқан
Ойнап, асыр салып жүр».
Міне, енді суретті
Мұрша бермей қалғуға
Тостым әкеп
Құрметті
Мысекеңнің алдына.
Күлдім:
– Сенсің мынау, – деп,
Ашып-жұмды ол көзін.
Нәзік үнмен:
– Мияу, – деп,
Суретінен көрді өзін.
Ашуланбақ түгілі,
Селт еткен жоқ мұрты да.
Қайта үдеп пырылы,
Қайта басты ұйқыға.
Енді қайттім?!
Бұл сыным
Санасына қонбады.
Үмітті үзді мысығым,
Төлен құрлы болмады.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ата-баба жолдары

  • 0
  • 1

Ел-жұртпыз атам заманнан,
Күн, сақ, үйсін – тегіміз.
Күн нұрынан жаралған
Батыры көп еліміз.

Толық

Жас түлектер жыры

  • 0
  • 0

Жас түлектер жыры
Білімге біз, туған ел, құмар ұл-қыз –
Арман қуған жас түлек, ұланыңбыз.
Сұлтан Қалиев

Толық

Торғай

  • 0
  • 0

Торғай, торғай, тондың ба?
Тұра алмайсың орныңда.
Бiр қонасың, бiр ұшып,
Сұлтан Қалиев

Толық

Қарап көріңіз

Пікірлер