Қысқы көл – Сұлтан Қалиев

Бұл бетте «Қысқы көл» атты Сұлтан Қалиев жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Жайдары едi жаз күнi,
Таңы күлiп ататын.
Айдын көлдiң қаз-қуы
Думан құрып жататын.
Үйректер де сымпылдап,
Сызатын-ды су бетiн.
Ақ шабақтар жылтылдап
Сайран салып жүзетiн.
Құшаққа алып бұлақты,
Болатын көл әр күн мәз.
Желпiп қоға, құрақты,
Сүйсiнетiн жарқын жаз.
Жалын болып маздап ол,
Сепкен сайын қызуын,
Көрсететiн жазға көл
Талай-талай қызығын.
Қысқаннан соң қыс келiп,
Өзгерiптi келбетi.
Қасарысып,
Тiстенiп,
Қатып қапты көл бетi.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері