Өлең, жыр, ақындар

Сыйлық

  • admin
  • 12.09.2024
  • 0
  • 0
  • 516
Күнтізбеге қарадым,
Қарсы алыппыз наурызды.
Мерекесі анамның,
Жақын қалған тәрізді.
Әжем, жеңгем, анамды –
Бәрін тіздім дәптерге.
Ұмыт қалмай саналды
Қарындасым, әкпем де.
Құттықтаймын бәрін де
Мерекелі кұнімен.
Не істеу керек,
Әрине,
Көп ойладым мұны мен.
Сыйлық берсем біріне,
Бірі қалар өкпелеп.
Сыйлықтың көп түріне
Ақша шіркін көп керек.
Ең оңайы бәрінен:
Қөп бәйшешек терсем бе?
Бөліп-бөліп, сәнімен –
Сыйлығым, – деп берсем бе?
Тұңғыш көктем гүлі үшін
Қуансын ақ әпкемдер.
Өкінішпен бұл үшін
Әжем, бірақ, «Әттең!..» – дер.
Ұнатпайды ол тіпті
Бәйшешекті үзгенді.
Былтыр талай қорқытты
Қарғайды деп біздерді.
Бала емес, шаға емес,
Қайтсін әжем гүліңді?
Сый таба алмай бағалы еш,
Өткіздім бос күнімді.
Сонсоң алдым фанерді,
Сонсоң алдым араны.
Істің кірді сәні енді,
Бұл ақылым жарады.
Жалтылдады қашауым,
Соқтым келіп балғаны.
Шағын жәшік жасадым,
Кейінге іс қалмады.
Бітірдім-ау, ой әрең!
Мерейім менің бір өсті.
Бүйіріне бояумен
Салдым қызыл кресті.
Жан-жағыма қарадым,
Қабырғаға ілдім де.
Атам керді қабағын,
Ұнап қалды бұл мүлде.
Сүп-сүйкімді жәшігім,
Ашылады қақпағы.
Іліп тұрып шашығын,..
Әкем мені мақтады.
– Әкпе, жеңге, анашым,
Мұнда жедел кел, бәрің.
Әже, бері қарашы,
Құтты болсын мейрамың!
Сіздер үшін! – дедім мен –
Дәрі қойғыш бұл әптек.
Сүйді әжем бетімнен,
Құрақ ұшып,
Құлап кеп...
Қашып шығып әзер мен,
Зорға тыйып күлкімді,
Құтылып ем әжемнен,
Анамдар да ұмтылды.
Ырза еттім сәл бұйыммен,
Себі көп-ау ақылдың!
Кезек-кезек сүюден
Босана алмай жатырмын.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Өзіме де сол керек

  • 0
  • 0

Өзіме де сол керек - Сұлтан Қалиев
Өмірімде көрмедім
Інімдей мен еркені.
Мазамды алып ол менің,

Толық

Жем шашқанда құстарға

  • 0
  • 0

Жем шашқанда құстарға
Отырмай мен демалып,
Сары аяз қысқанда,
Сұлтан Қалиев

Толық

Мазақ сурет

  • 0
  • 0

Мазақ сурет - Сұлтан Қалиев
Мазақ сурет салуға
Бейім менің қаламым.
Жұрт көңілін табуға

Толық

Қарап көріңіз