Ұшқыш болғым келеді – Қасым Аманжолов

Бұл бетте «Ұшқыш болғым келеді» атты Қасым Аманжолов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Көңілі – дария, ойы – аспан,
Асқар шыңнан бойы асқан.
Ай, Күнімен аспанның
Әзілдескен, сырласқан –
Ұшқыш болғым келеді!

Күнге күліп, күй тартқан,
Айға әнін тыңдатқан.
Бақыт жырын жырласа,
Таң Шолпанын қуантқан –
Ұшқыш болғым келеді!

Мұздай болат киінген,
Батпан қару үйірген,
Қорғап бақыт ұясын,
Тас түлектей түйілген –
Ұшқыш болғым келеді!

Таңда туып түлеген,
Тас түлектей көреген,
Көк қойнында тояттап,
Шың басында түнеген –
Ұшқыш болғым келеді!

Ар-намысын ақтаған,
Жүрекке сыр жаттаған,
Туған елін – ұясын
Жан-тәнімен сақтаған –
Ұшқыш болғым келеді!

Ұшқыш болмай немене,
Қуат бітті денеме!
Қанатым бар қайыспас,
Ұшқыш болғым келеді!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері