Дала даусы – Сағи Жиенбаев

Бұл бетте «Дала даусы» атты Сағи Жиенбаев жазған табиғат туралы өлең берілген.

Көгілдір аспан, көкорай шалғын айнала,
Таңменен бірге оянды тағы бар дала.
Бастады жырын машина қаздай ағылып,
Бастады күйін жаңғыртып болат балға да.

Ағады бұлақ даланың мейірін қандырып.
Барады жастар аспанның астын ән қылып.
Шағылып күнге ұшады мәрмәр тастар да,
Таңменен бірге таулардың іші жаңғырып.

Дала да, тау да жырлайды,
Тамылжып аспан тыңдайды.
Жұлдыздар шамын жаққанша
Даланың жыры тынбайды.

Қырандар бауыр басып асқарында,
Жайраңдап қыз-жігіттер жас бағында,
Шалқиды шаттық әні күндіз-түні
Қалықтап Қаратаудың аспанында.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері