Бір адамды алдарсың – Кәкімбек Салықов

Бұл бетте «Бір адамды алдарсың» атты Кәкімбек Салықов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Бір адамды алдарсың,
Ондайды кім аңғарсын?
Көпті алдауға жаттықсаң,
Киесі соғып зарларсың.
Бір аңқауды жығарсың,
Мықтымсып төрге шығарсың.
Жақтырмас бірақ көпшілік,
Жамбасқа түсіп құларсың.
Пыш-пышқа көмей созарсың,
Жел сөзге мініп озарсың.
Бірақ та шындық шырылдап,
Соңыңнан қалмай тозарсың.
Алпауыт етер байлығың,
Ақшамен өсер айбының.
Ел байлығын енші етсең,
Тозағы жұтар қайғының.
Адалдық – мәңгі мереке,
Ете алмас ешкім келеке,
Оралса адал теріңмен
Абырой, атақ, береке.

29.03.2012.
Астана


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері