Өлең, жыр, ақындар

Көкшеге сәлем әрі алғыс

  • admin
  • 25.11.2024
  • 0
  • 0
  • 66
Ассалаумағалейкум, Көкшем менің!
Сексен қыз – қарсы алғандай сексен көлің.
Желпінтіп аппақ шашын, бас иеді
Баяғы өз қолыңда өскен төлің.
Армысың, бауыр-туыс көкшеліктер,
Жарасты ән-күй артқан көш-көлікпен.
Көргенде өздеріңді көңіл тасып,
Кеттім ғой әудем сәтте өзгеріп мен.
Бой жазса туған жерде алған дарын,
Жалғасты Жезқазғанда арман-жалын,
Жезкиік Сарыарқада жүйіткіп жүрсе,
Өзге емес, ол – «Гәккуден» қалған сарын.
Құрбылар алса кірпік құрығына,
Көрінбес тәтті мезет бірі күнә.
Мөп-мөлдір жанарлары бой балқытты
Махаббат шомылғандай тұнығына.
Белгілі бар биігім шалқып жеткен,
Сендерсің сұлу сазды қарқынды еткен.
Сағыныш сарқылмаған бар сырымды
Айтады асқақ әнім «Аққу жеткен».
Шақырды шалқар шабыт ерке күнге,
Қырандай тау бөктерлеп кетемін бе?!
Тел өскен тентектермен қыз соңында,
Сырымбет жүргендеймін етегінде.
Көз салған Есілге де, Ертіске де,
Жүрегі кей досымның желсіз деме.
Бір тықыр тақалғандай бәрімізге,
Нығметжан келіп қалды жетпіске де.
Төгілтсем талай арнау жыр бұлағын,
Аңсаушы ем мектептестер нұр жұмағын.
Жасында жүрек өртеп, ынтық еткен,
Қалыпты әже болып құрбыларым.
Не дейін?..
Баршаңызды құттықтаймын,
Сәлемге тап осындай күтті сай күн.
Немере-шөберелі болыңыздар,
Шау тартып арасында құлын-тайдың.
Бәріңе ыстық сәлем үйгім келді,
Сыр айтып ақ тұмардай түйдім белді.
Меруерт, Зина, Әгір, Зейнікеш-ау,
Тап қазір беттеріңнен сүйгім келді.
Армысың, жеңешелер, ағаларым,
Сендердің маған жүлде бағаларың.
Асықпай әр шаңыраққа тәжім етіп,
Келіп тұр армансыз бір аралағым.
Дос-жаран, зиялы топ алқа толған,
Сендерсің маған сүйеу,
Арқа болған.
Жетпіске тақағанда бір сілкініп,
Бұлбұлдай түлеп тұрмын баққа қонған.
Жол тартып арнасам да неше күнді,
Шығардым қажу білмес еселі үнді.
Тілектес елім-жұртым есен болса,
Жүзге де байқап қалдым жетерімді.
Не бітер қуанышта қызбағанға,
Қыс тақап,
Қол сілтеп тұр күз маған да.
Сіздерден бұрынырақ кім іздесін
Бас ауырып, балтырым сыздағанда?
Бірі сал, бірі сері, бірі керім,
Мың алғыс алыңыздар, інілерім.
Әндеткен сандуғаштай қарындастар,
Пәк жүрек лүпілімен бірігемін.
Маған деп сайлап Көкше күйлі алаңын,
Әндетіп бүкіл елді жинағаның.
Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай
Аруағын сол ғой мәңгі сыйлағаның.
Жан сыры жырға оранса кесектеліп,
Толқыдым ақ жарылар кезек келіп.
Тап осы кездесуді айтарсыздар
Кетті деп алдымызда есеп беріп.

07.06.2000.
Көкшетау



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Дүние

  • 0
  • 0

Дүние көріп жүрмін дауылыңды,
Көтердім арқалатқан ауырыңды.
Өзімді аямадым ажал бар деп,
Кәкімбек Салықов

Толық

Күй – құдірет

  • 0
  • 0

Күй – құдірет
Күй – Фараби жер жаһанмен жарысы,
Күй – Отырар соңғы қоңырау қағысы.
Кәкімбек Салықов

Толық

Жезқазғаным – Қаныштың жан­жүрегі

  • 0
  • 0

Қанышы бар қызық қой өмір деген,
Қанаттанып, күш алып көңілденем.
Атын айтсам алыстан бой тастайды
Таңғажайып белестер көрінбеген.

Толық

Қарап көріңіз