Өмір сүргім келеді – Ерлан Ахмет

Бұл бетте «Өмір сүргім келеді» атты Ерлан Ахмет жазған өмір туралы өлең берілген.

Жастық әнін салдырған,
Жанға ләззат қалдырған,
Балаусалы балдырған
Өмір сүргім келеді.
Бақыт шамын жандырған,
Қызығына қандырған,
Ғашықтыққа жан құрбан,
Өмір сүргім келеді.

Ай-хай, өмір-ай,
Пай-пай, көңіл-ай.
Қайран өмір-ай,
Сайран көңіл-ай.

Сезім берген жауындай,
Өр мінезді дауылдай,
Тәттілігі қауындай
Өмір сүргім келеді.
Арайланған таңымдай,
Сағындырған ауылды(-ай),
Ағайындай, бауырдай
Өмір сүргім келеді.

Болашағын бағатын,
Бойтұмарын тағатын,
Өзендей боп ағатын
Өмір сүргім келеді.
Таусылғанша тағатым,
Тоқтағанша сағатым,
Күнге қанат қағатын
Өмір сүргім келеді.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері