Бақыт деген осы ма деп қаламын – Айгүл Қадыр

Бұл бетте «Бақыт деген осы ма деп қаламын» атты Айгүл Қадыр жазған бақыт туралы өлең берілген.

Жер бетіне нұр шашқан Күн киелі,
Жарық Ай да қараңғы түнді иеді.
Көріп тұрып көзіммен қуанамын,
Мынау ғажап, жап-жарық дүниені.

Ұсынар деп бұл өмір тамшы бағын,
Асығамын көруге таң шуағын.
Жанарыммен сүйемін бар ғаламды,
Екі көзім - ол менің, шамшырағым.

Қанатымды сермесем ұшақтаймын,
Жігерімді жат ойға тұсатпаймын.
Бергеніне тәубе деп екі қолды,
Маған қымбат жандарды құшақтаймын.

Екі аяғым талмайтын о, пырағым,
Шүкірлікке кеудемді толтырамын.
Қандай жақсы нық басып жүру деген,
Мынау дарқан даламның топырағын.

Кедір-бұдыр елемей көп амалын,
Жүрсе деймін жадырап тек жамалым.
Елім тыныш, денім сау, басым аман,
Бақыт деген осы ма деп қаламын.
Айгүл Қадыр


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (2)

Нурсулу

Айгүл өлеңдерің керемет.Адам жанын жылытады. Шабытың жандана берсін.ЖЫРЛАРЫҢ маржандай түзіледі берсін

Нұрбала

Әңгімелесейікші
Өлеңіңіз керемет!!
Қайта қайта оқи бергің келеді
...

Ұқсас өлеңдер

Басқа да жазбалар