Көк күледі, біресе жылап алып – Роза Сейілхан

Бұл бетте «Көк күледі, біресе жылап алып» атты Роза Сейілхан жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Көк күледі, біресе жылап алып,
Өршіл таудың өзені бұрала ағып.
Тізіле ұшқан тырнадан көз алмадым.
Ішіме ұстап, демімді тына қалып.
Сәттік бейне, қош деді қанат қағып,
Көк терегін ауылдың жанап барып.
Қол ұстасып ұшты олар, сүйсіндім мен,
Төзім қалып, бойымнан тағат қалып.
Неткен сурет, сұлуы-ай келбетінің,
Толқынындай момақан көл бетінің.
Қалқи ұшып барады, шалқи ұшып,
Сусыз жерін менсінбей жер бетінің.
Тілек етіп, ішімнен күбірледім,
Көңілімнің сеземін бүлінгенін.
Жастығымды ап қашқан күндер қайда?
Түндер қайда?
білмеймін түгін?
ненің?
Алыстады тырналар үнінде мұң,
Сездіме екен, сезімге жүгінгенін.
Жиырма тоғыз көктемім ғайып болды,
Отызыншы көктемім бүгін менің.
Шуағыңды бойыма дарыт Күнім!
Қимай кетті-ау, ол-дағы жарықтығым.
Жиырма тоғыз көктемнің жоқшысындай,
Естіледі алыстан талып бір үн.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері