Ешкімді ешкім іздемейді бұл күнде – Айгүл Қадыр

Бұл бетте «Ешкімді ешкім іздемейді бұл күнде» атты Айгүл Қадыр жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Ешкімді ешкім іздемейді бұл күнде,
Керек емес мұңың, тіпті күлкің де.
Хабар алмай, хәлін білмей, сұраспай,
Өмір сүру кетті айналып мүмкінге.

Өзімізше, бәлкім, биік, дарамыз,
Тас қалада тас жүрек боп барамыз.
Апта емес, ағайынды ай көрмей,
Бара жатыр тым алыстап арамыз.

Бас сұқпаймыз көршінің де үйіне,
Қарамаймыз, жағдайына, күйіне,
Кейбірінің есімін де білмейміз,
Тек қабақтар тоғысады түйіле.

Туыспен де желілерде қауышып,
Солай күндер бара жатыр ауысып.
Қарбаласқан қу тіршілік кетпесін,
Әлемдегі мейірімді тауысып.
Айгүл Қадыр


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Ұқсас өлеңдер

Басқа да жазбалар