Алматы метросы. Жалғыздық – Тоқтарәлі Таңжарық

Бұл бетте «Алматы метросы. Жалғыздық» атты Тоқтарәлі Таңжарық жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

Дүние-ай, табармысың жанға тыным,
Аялдап, дамыл тапқан бар ма күнің?
Жаныққан жер бетінде жүргіншілер,
Алдыңда метросы Алматының.
Кіресің. Қалың нөпір қос өкпеңде,
Бәрі де асығулы… бос өткен бе?
Тоқтайды жүрдек пойыз жүйткіп келіп,
Зулайды бекеттерден бекеттерге.

Жер асты. Кеш батпайды,
таң атпайды,
Сырғиды самайыңнан санап қайғы.
Отырған қарсы алдыңда орыс кемпір,
Кітапты «Рай» деген парақтайды.

Өзгені мұңды демен, мұңсыз демен,
Кім, сірә, күнін ойлап күрсінбеген?
Түндігін туннель жұтқан рельстер,
Жүректей түн ішінде дүрсілдеген.

Торыққан, қалжыраған, маужыраған,
Томсарған топ ішінде жалғыз адам.
Жұбатып жалғыздығын, жұбана алмай,
Ішінде иірімнің жан жылаған.
Қара туннель – Кеңістік… мүсіндеген,
Бармын ба Уақыттың ішінде мен?!
Бір рет болса-дағы, пенде бар ма,
Қиялын қылуетке түсірмеген?..

Қылует…
Кім бар ішке үңілмеген,
Бітер ме қияметің бүгінменен?
Көпшілік ұзын-сонар – керуен-көш,
Тоқтаусыз сопылардай күбірлеген.

Көп тобыр: артыңда адам, алдыңда адам,
Қуырған апшысында тағдыр-ғалам.
Еске алар азан дауысын бұлар, бәлкім,
Немесе қоңырау үнін қаңғырлаған.

Белгісіз келістің бе, керістің бе,
Майданы жеңілістің, жеңістің де.
Ойлаймыз өлім жайлы жер астында,
Ойламай өмір жайлы жер үстінде…

Өрекписің, өксисің, өкінесің,
Ынтығасың тірлікке – бекім осы.
Көңілсіз көшелердің шуын жұтып,
Жүйткиді Алматының метросы.

Өрт көшер өз-өзінен өзегіңнен,
Соңғы бекет… қалмайсың кезегіңнен.
Метроға бір кіріп шыққан жанның,
Бұрынғы ол емесін сеземін мен…


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Алматы метросы. Жалғыздық өлеңінің авторы кім?

Тоқтарәлі Таңжарық — осы өлеңнің авторы.

Алматы метросы. Жалғыздық өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Алматы метросы. Жалғыздық өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Тоқтарәлі Таңжарық өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Алматы метросы. Жалғыздық өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері