Атаның батасы – Ақылбек Шаяхмет

Бұл бетте «Атаның батасы» атты Ақылбек Шаяхмет жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Қатайса қабырғаң,
Шапқандай қамалға,
Ұста аттың жалынан!
Шындықтың шылбырын,
Туралық тізгінін
Босатпа қолыңнан!
Қанжығаң майланса,
Көңілің жайланса,
Ауырды босқа артпа.
Шірітпей терлікті,
Жұқала көпшікті,
Айылды бос тартпа.
Жүргенде талай жол,
Қамшыңа абай бол,
Жолама қақ-соққа.
Жасасаң күтім көп,
Ер-тұрман бүтін боп,
Жетесің мақсатқа.
Әумин!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері