Алаш рухы – Ақылбек Шаяхмет

Бұл бетте «Алаш рухы» атты Ақылбек Шаяхмет жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 29.04.2020
  • 0
  • 1
  • 5619
Өмірде мынау жалғандық толған
Шымбайға батса шындығың,
Азаттық аңсап құрбандық болған
Ерлерді жоқтар күн бүгін.
Белдерін байлап, дәстүрді сыйлап,
Кеткенде намыс азайып,
Өздерін емес, өзгені ойлап
Жүргені қандай ғажайып?!
Қиналған жұрттың жағдайын біліп,
Жасамай жатпен келісім,
Ажалға қарсы қасқайып тұрып,
Жан қиды олар ел үшін.
Үмітін үзбей, сынбаған сағы,
Тартса да тағдыр азабын,
Тұрақтап тұрса Алаштың бағы,
Көгерер еді қазағым.
Имандай сеніп, қалаған жұрты
Көтерген туын алғашқы,
Алаштың даңқы, Алаштың рухы
Ұрпаққа болсын жалғасты.
Көсіліп жатқан жерімде дархан,
Күн туар қайта серпілер.
Ерлерім менің! Сендердің арқаң
Болғаным бүгін еркін ел.


Пікірлер (1)

Гаухар

Керемет

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері