Сарғайып таң атқан шақта – Сырбай Мәуленов

Бұл бетте «Сарғайып таң атқан шақта» атты Сырбай Мәуленов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 07.02.2016
  • 0
  • 0
  • 2473
(Сәбитке)
Сарғайып таң атқан шақта,
Әлем әлі қалғыған.
Ақын ойы шартарапта,
Өтеді өмір алдынан.
Ол өзі мен өзі ғана,
Тауып алған көп қызық.
Шашырап күн көзі жаңа,
Көрінеді от сызық.
Алматының тап қасында,
Тігілгендей ақ отау,
Ұқсап шығыс қақпасына,
Асқақтайды Алатау.
Тау етегін тасалаған,
Таңғы тұман тұйықтап.
Жатыр ұябасар ғана,
Ұясында ұйықтап.
Толқыр таңғы самалменен
Қазақстан қырлары.
Самалменен тарар елең,
Тыңдар малшы құмдағы.
Терер ақын ерте, кеште,
Түнгі ойының жемісін.
Осылай ол еңбек етсе,
Арманы не ел үшін.
1957


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері