Өлең, жыр, ақындар

Шақшақ ұлы Жәнібек

  • admin
  • 30.09.2024
  • 0
  • 0
  • 512
Әруақтанып атайтын атын адам,
Шақшақ ұлы Жәнібек батыр бабам,
Күңірентіп даланы шеру тартып,
Даусы күндей күркіреп шатырлаған.
Абыздардан ақ бата алды-дағы,
Жастайынан батырдың жанды бағы.
Шағылысқан күнменен кіреукесі,
Асау күрең ойнақтап арғымағы.
Жағаласқан жауларды жаныштады,
Қолында өлді Жоңғардың арыстаны.
Көтеріп Абылайды ақ киізге,
Хан сайлады қазақтың данышпаны.
Бірліксіз келеді жұрт әлі неге?
Соны ойлап шақырды елді мәмілеге.
Мағжан айтқан тәкаппар ер Жәнібек,
Билік айтты билердің бәріне де.
Дүниеден өткенде қымбатты адам,
Ел егіліп көз жасын құрғатпаған.
Шомылдырып Торғайдың толқынына,
Аршасымен Тосынның құндақтаған.
Найзаларын батырлар жерге тіреп,
Айбын атқан басылып өр көкірек,
Табытының басында аза тұтқан
Қара киіп қалғандай ел жетімек.
Жеткен хабар Сыр менен Жайық барып,
Ағытылған құшағын жайып халық.
Алыстағы қоюға Түркістанға
Қара нарлар жөнелген мәйітті алып.
Жаспен жуып жаңбырдай омырауды,
Қара нарлар боздаған қоңыраулы.
Торғай менен Түркістан арасында
Тартылып тарихтың бір жолы қалды.
Баяғы тірісіндей көріп ерді,
Түркістан табытының соңына ерді.
Қожа Ахмет Яссауи күмбезінің
Құдығының қасынан орын берді.
Жолы осымен жердегі түйінделіп,
Тастан соқты екінші үйін берік.
Тірлікте еліне еткен еңбегі үшін
Жатқандай тәңірінің сыйын көріп.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қоштасу

  • 0
  • 0

Соңғы рет сенің бейнеңе,
Қиялмен құшақ жайдым мен.
Ояттым ойды кеудеде,
Жасқаншақ, ұяң қайғыммен.

Толық

Редактор

  • 0
  • 0

Көп көздерден қаралып,
Қолдан шыққан әр әріп.
Қорғасыннан құйылып,
Біткенінше қаланып,

Толық

Нажағай

  • 0
  • 0

Қып-қызыл боп тұтылып,
Бұлтқа кірді азалы ай.
Қара аспанда қанжардай
Жарқылдады нажағай.

Толық