Виктор Цой мүсінінің қасында туған ой – Манарбек Қарекенов

Бұл бетте «Виктор Цой мүсінінің қасында туған ой» атты Манарбек Қарекенов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Дом стоит, свет горит,
Из окна видна даль.
Так откуда взялась печаль?
И, вроде, жив и здоров,
И, вроде, жить не тужить.
Так откуда взялась печаль?..

В. Цой

Тас мүсіннің қабағында қара бұлт,
(Ой масаға жатқандай ма, таланып?)
Қайрылмайтын тағдыр сені ерте алды,
Келгендейсің сағынтуға жаралып.

Ән әлемін жүрегіңе жиясыз,
Сіздей жанды қай өлімге қиясыз?!
Көше бойлай өткен жанның бәріне,
Оттығыңнан ұсынасыз, риясыз.

Қан-сөлі мен жүрегі жоқ мүсінің,
Жанын ұғып тұрғандай ма, кісінің?!
Тірі кезде жолықпадық екеуміз,
Әттең, Сізден көп жылдарға кішімін.

Құрдас болсақ, дос болар ек, сырласым,
Сен де өмірді тереңінен жырлапсың.
Ұшқын алып оттығыңнан кетейін,
Сіздің шабыт енді мені шыңдасын.
Рухы бірлер мұңдас болар, ел білсін,
Естелікке Сізді аңсаған жыр тұнсын
Сізді көріп өнерімнен қалың жұрт,
Ақындарды өлмейді екен деп жүрсін...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері