Бұл бетте «Желтоқсан. Жастар. Елес» атты Манарбек Қарекенов жазған жастар туралы өлең берілген.
Сәл аялдап, тағзым етпей бұл алаңнан өтпеңдер…
М.Шаханов
Көңілімде мұң-елес, алаң-алаң,
Деп жатырмын күбірлем барам-барам...
Таңғы түсте көрініп аппақ бейне,
Қанды алаңда қол бұлғап тұрды маған!
Ояндым да абдырап ес жия алмай,
Мұндай хабар қай жақтан!.. Алдым қалай?!
Күнтізбеде желтоқсан. Он алтысы,
Тағдырларға балта боп тиген талай.
Тар бөлмемде ырықсыз жүріп алдым,
(Сасқан жанның қашанда ойы қалың).
Бір уақытта жүгіріп есік жаққа,
Иығыма күркемді іліп алдым.
Аялдама. Автобус. Жолаушылар,
Шаршаңқырап мен тұрмын ойдан сыңар.
«Барасың ба, орталық алаңға?», - деп,
Ассыққан жан дәл мендей жоқ та шығар.
Кінәлі боп алдында өткір ардың,
Көп ұзамай алаңға жетіп бардым.
Ұшып-қонған көгершін, тыныш көше,
Байқамайды жай-күйін келген жанның.
...Құлағыма шу келді дүркіреген,
Аспан астын алды үн күркіреген.
Сексен алтыншы жыл қайта оралғандай,
Маза кетті жүректен бүлкілдеген.
Туылғанға қазақ боп бардай жазаң,
Тартыс-шабыс күшейген таңнан бозаң.
Үлбіреген жастарды өлтіруде,
Ұру-тебу айнала азан-қазан...
Ал бір уақыт тыныштық қайта келді,
(У-шу болған дүние қайда кетті?!)
Теңселемін денемді тіктей алмай,
Жақын жерден көре алмай жүрген көпті.
Сұлба көрдім ақ қардан жанды-жансыз,
Маңдай, ерін жарылған қанды-қансыз.
Бозбала мен бойжеткен бейнесінде,
Жанарлары қарайды маған әлсіз.
Осы екен ғой ақ таңнан шақырған мұң,
Жазықсыздан жастарым атылған күн.
Еркіндікті сұраған бейкүнәлар,
Елін сүйген үшін де шатылған күн.
Кешір бізді оққа ұшқан ұландарым,
Отан үшін үзілген шыбын жаның.
Кешір бізді! Біз қорған бола алмадық,
Желтоқсанда қырқылған қырандарым!
- Абдраманов Арсланбек
- Абдраманов Арсланбек
- Абдраманов Арсланбек
- Абдраманов Арсланбек
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі