Тірлікте жұмақ – Отаның… – Манарбек Қарекенов

Бұл бетте «Тірлікте жұмақ – Отаның…» атты Манарбек Қарекенов жазған жәннат туралы өлең берілген.

«Қазақстан мен Өзбекстан шекарасының қырағы күзетінде жүріп, апат болған шекарашы сардарлардың рухын ұлықтап, осы туындымды арнаймын».
Автор

Отаным — Анам, әу бастан…
Үйретті анам деп жастан.
Өзіңнен шабыт жамылып,
Өлеңді жазғам жыр-дастан.
Мәрттікті сенен үйренгем,
Жақыным сенсің сырласқан.

Өзіңнен көңіл күй алған,
Бойыма қуат жия алғам.
Жазалы болсам кей кезде,
Бір сенен ғана ұялғам.
Парызым бітпес тірлікте,
Өзің деп өлу – бір арман.

Өзбек пен қазақ арасы,
Шекара – шептің саласы.
Қаза болды күзетіп,
Он қазақтың баласы.
Халқы үшін өлді он боздақ,
Біреудің ұлы, ағасы.

Тарихта талай сан қилы,
Батырлар жаумен қан құйды.
Көрші елден түскен ақпармен,
Ерлерім тауды аңдиды.
Кірмесін деумен бұзғыншы,
Тыныштық үшін жан қиды.

Шекара аты ардақты,
Халықтың мұңын барлапты.
Енбесін деумен елге жау,
Тау менен тасты шарлапты.
Тұрғынының Отанның,
Әр талы үшін жауапты.

Бел шешпей жерін күзеткен,
Жел менен боран, сыз өткен.
Шекарашы рухы сөйлейді,
Қар-жастық, көрпе-мұз еткен.
Шекара шөбі қозғалса,
Жүректің түбі дыз еткен.

Күн нұрын төккен жарығын,
Отанды, елді сағындым.
Алладан кейін жаратқан,
Отаным сен деп таныдым.
Денемнен тұрақ ұшсам да,
Қазағым, сенің жаныңмын.

Бар күшін сақтап антымның,
Өзіңді ойлап жатырмын.
Бұрыннан сен деп көгергем,
Болашақ ұрпақ, ақылдым.
Еңбекті елге аямай,
Жігерді бойға шақырғың.

Ғылымның шоғын үрлеткің,
Қаланы, дала гүл еткің.
Тірлікте жұмақ – Отаның,
Жолында жүргің білмектің.
Қазақтың шекарасын сен,
Ауқымы деп біл жүректің.

Басыңда ұста ел қамын,
Өзіңе сондай серт алғың.
Отаның сонда ұмытпас,
Қолында уақыт ұстаның.
Көркейту болсын жадыңда,
Өз жерің – Қазақстаның!
Сезінбе босқа қалғанын,
Тіршілік- күйбең салмағын,
Отан мен Алла пара-пар,
Осыны еске ал, жаным,
Еліңе бақыт сыйласаң,
Өлгенде болмас арманың!..


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері