КЕЛІНШЕКТАУ АҢЫЗЫНЫҢ ІЗІМЕН – Мықтыбек Оразтайұлы

Бұл бетте «КЕЛІНШЕКТАУ АҢЫЗЫНЫҢ ІЗІМЕН» атты Мықтыбек Оразтайұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Ен байлықсыз өмірдің мәні жоқ па?..
Жаңғырығы жететін әлі ұзаққа,
Келіншектау туралы хикаят бар,
Құлақтының біледі бәрі жатқа.

Бір зауалдың сұмдығын жайса да аңыз,
Арбалмай тұр алтынға қай санамыз?
Тау мен тасқа айналып кетті дейді,
Қанағатты білмеген бейшара қыз.

Ол аңыз ғой.
Қазір ше?
Біз қандаймыз?
Алтын үшін сертті де бұзғандаймыз.
Жарты өмірдің жүйкесін шығын қылып,
Жарты тиын пайданы жүз даулаймыз.

Ойлантады пендені не қызартып?
Төбемізге күнәні тоғыз артып,
Жылтыраққа құмар боп кеткен болсақ,
Тасқа айналған немеден неміз артық?

Ар да есік қаға алмай далада тұр,
Кірмей қойды уланған санаға ақыл.
«Қолдың кірі» деуші еді, байлық шіркін,
Жоғарылап бәрінен бара жатыр.

Біз суықпыз. Жоқ әлде қоғам суық,
Жүрген жоқпыз ештеңе обалсынып.
Жемқор қаптап елімді кетпес еді,
Жетімсіреп қалмаса адамшылық.

Шаршағанда езгіден солай халық,
Арды ұмыту қалғанда оңайланып,
Несібесін қазақтың кеміргендер,
«Жемқор тауға» кетпейді неге айналып?

* * *
Жауабы жоқ. Ой қалды кетіліп те,
АҢЫЗ деген жоқ әлде...
Өтірік пе?..


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ұқсас өлеңдер

Басқа да жазбалар