Әкеме – Роза Сейілхан

Бұл бетте «Әкеме» атты Роза Сейілхан жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Күн кірпігі сәуле боп таралады,
Жылы шуақ ауылды аралады.
Келем ұшып әкемнің қабіріне,
Жүрегімнің ағармай қара дағы.
Құлыптаста бейнесі тірі сынды,
О, Құдірет, бере гөр ырысыңды.
Туған жердің төріне өткенімде,
Терең ала бастадым тынысымды.
Алматыда жүрегім қысылатын,
Тәлкек тағдыр күнде сый ұсынатын.
Зекіп жібер, жан әке, аямашы,
Кез жеткенін еске сап ысылатын.
Топырағың жылытты алақанды,
Жанарымнан жас емес, нала тамды,
Әкем мені тым ұзақ күтсе керек,
Сағынышпен атырып ала таңды.
Ақ күмбездің есігі ашық қапты,
Сағыныштан сары шөп басып қапты.
Алатаудан құлаған ашулы өзен,
Тебірентті жанымды тасып қатты.
Үнсіз қалдым ішімнен дұға қылып,
Қылаң етті кеудемде қырағы үміт.
Шабытымның шыңырау шатқалынан,
Сел боп тасып келеді жыр ағылып.
Қоңыр самал самайдан өпті келіп,
Тілеуіңді дегендей көп тіледік.
Күбірлеп ем, әкем деп иіскеп тұрған,
Жанарыма тамшылар етті иелік.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері