Қоңыр мұң – Роза Сейілхан

Бұл бетте «Қоңыр мұң» атты Роза Сейілхан жазған мұң туралы өлең берілген.

Жылағаным мұңайып,
кімге керек,
Арман құшам
жанымды гүлге бөлеп.
Бәрін қойшы,
бір күні өтер, кетер,
Өлең жазсам деп едім,
бір керемет.
Тереземнен тұр, әні,
мұңайып күз,
Тағдыр жазса,
маңдайға шыдайық біз.
Пендеміз ғой шатаспай
тұра алмайтын,
Қандай үкім шығарсын,
лайықпыз.
Қоңыр мұңды тербеді тағы күз кеп,
Сол күзбенен ұқсайды жанымыз бек,
Сағына ма, жанарым жабыға ма,
Жүрегіме керектің бәрін іздеп.
Өткенді аңсап,
Біресе, көктемді аңсап,
Қызғалдағы майысқан
Көк белді аңсап,
Әжені аңсап,
Әкені,
Ағаны аңсап,
Жазиралы кеңпейіл
Даланы аңсап.
Бұлақты аңсап,
тауды аңсап, жуаны аңсап,
Ойнап жүріп
құлаған, жылаған шақ.
Тас қаланың түтіні тұмшаласа,
Жаным тұнық кездерді
тұрады аңсап.
Ұйқы көрмей содан соң
өлең іздеп,
Түсініксіз жаныңа қорек іздеп.
Не боларын білмейміз,
білмеген соң,
Жетегіне үміттің ереміз кеп.
Дүние жалған
көңілде күмән қалды,
Көре алмадым жанымды ұғар жанды.
Мәңгілікке біз солай аттанармыз,
Биігінен түсірмей Ұлы арманды.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері