Көшіп келем – Роза Сейілхан

Бұл бетте «Көшіп келем» атты Роза Сейілхан жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Көшіп келем, тағы да көшіп барам,
Кетсем бе екен біржола ауылыма,
Ұлымнан да ұялам, өсіп қалған,
Қала мені баспады бауырына.
Ашуланам білмеймін, кімге, неге,
Тағдырыма, ал, мүмкін, қосағыма.
Оранбай-ақ үлде мен бүлдеге де,
Өз үйімнің от жақсам ошағына.
Өз үйімнің, айтқанға жақсы қандай,
Күнде еденін жуар ем жалтыратып.
Жынын алған жүремін бақсылардай,
Пешенеме бұйырмай жарты бақыт.
Көкем де жоқ, әкемнің алақаны,
Сағындырып көп болды, аңсатқалы,
Оны ойласам, ұйқысыз таң атады,
Жүрегімді мұздатты қанша ақпаны?
Көшіп жүрмін, ай аман, күн аманда,
Хан сарайдай көрші үйі телміреді.
Бізден кедей жоқ екен мына маңда,
Үміт қана өзіне сендіреді.
Қорланамын несіне, баймын мен де,
Тірі жүрек мендегі соғып тұрған.
Аққу-қазын қондырған айдын көлге,
Өлеңім бар бақимен жолықтырған.
Жұбатамын, жұбатам, өзімді-өзім,
Апалаған ұлыма қарағанда
Сезім де өзім, бұл күнде төзім де өзім,
Бас аманға не жетсін, жан аманға.
Көшіп келем, тағы да, көшіп барам.
Оңдырмады бұл тағдыр сынағанда.
Ұлымнан да ұялам, өсіп қалған.
Не дер екем, өз үйін сұрағанда...


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері