Толғау – Роза Сейілхан

Бұл бетте «Толғау» атты Роза Сейілхан жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

(Астананың 15 жылдығына)

Тәй-тәйлап келіп,
Айқайлап ашқан есігін.
Ақылың болса,
Айқайлағанның несі мін.
Ақ таңнан үміт күтетін
Елдің бесігін
Тербете берші,
Құдайым, беріп кешірім.
Абырой, атақ
Арыңнан қымбат болмаған,
Осыдан асқан бар ма екен сірә,
Зор бағаң.
Еңіреп кеткен
Ерлердің есіл аруағы,
Қиындау сәтте,
Ауырлау шақта қолдаған.
Жанардан қанша
Үзіліп түсті лағыл мұң,
Сары алтын болып,
Жарқырап түбі сабырдың.
Запыран құсып,
Залымдығынан заманның,
Жоғалып барып,
Жоғалып қалып табылдың.
Күн нұрын төкті,
Төкпеген кезі бар ма шын.
Сезімнен асқақ, көңілден биік
Бар ма шың.
Өзен ғой, өмір
Қайнары келіп қосылған,
Бұрмауға тәйір,
Амалы бар ма арнасын.
Түрленіп ғалам,
Гүлденіп далам күн санап,
Сусылдай сырғып,
Зырылдап жатыр құмсағат.
Ұқтырды ма екен,
Шық тұнды ма екен жанарға,
Жүргенде өзін,
Тұрғанда өзін құл санап.
Сүрінбей өттік,
Тағдырдың қатал сынынан,
Жарық күн, әр кез
Жарқырап атқан шұғылаң.
Астана сынды
Шаһарым жайды қанатын
Елімнің оны
Жетістігі деп ұғынам.
Бар әлем танып,
Мәшһүр боп аты даламның,
Күн санап көркі
әрленіп жатыр қаламның.
Әлемнің көзі –
қалғанда саған қадалып,
Тотыдай болып,
Ару қалам-ау, тарандың.
Жасанған шаһар,
жаныңа сыйлар шаттығын,
Жас болғандықтан,
басылмай тұр-ау, аптығың.
Тәуелсіз елдің
көгінен күліп атты күн,
Тәуелсіз елді қия алмай
қанша батты күн.
Қазағым, сенің
Қасиетіңнен айналып,
Алдыңнан туды
шуағын төгіп ақ күнің.
Ұлтыңның бүгін
Жүрегі болып соғасың,
Арманшыл жастың,
Түсіне түнеп қонасың.
Ғұмырың ұзақ,
мерейің үстем болсыншы,
Сен енді бүгін
15-ке ғана толасың.
Бүгінгі әсем көркіңде
Жатыр қанша ұғым.
Арманы болған аруы
Сенсің баршаның.
Құс болып ұшып
кетуге дайын едім ғой,
Асқақ қалам-ау,
Ауғанда саған аңсарым.
Дөңгелеп кетті жел қуған
жеңіл ебелек,
Күрес қой өмір,
Ебелекті кім елемек.
Астана, сені көрген ел
бүгін айтып жүр,
«Елбасы шешім
қабылдапты деп керемет»
Тартқан ел едік
тағдырдың тартқан талайын,
Тарихтың бетін
Үн-түнсіз қалай жабайын.
Бейбіт өмірдің
Берекесін бер, Тәңірім,
дегеннен енді
Жаңылмайықшы, ағайын!
Зәулім сарайлар
Аспанмен көкте таласқан,
«Ханшатыр» менен «Бәйтерек»
қалай жарасқан.
Кейпіңнен сенің
керемет сенім көремін,
Бәйгеге қосар
Сәйгүлік сынды таң асқан.
Жүзіңе бейне төккендей
сәуле әппақ Ай,
Сұлулығыңды тұрамыз
қалай мақтамай.
Тәуелсіз елді
Тыныштығымен тербетіп,
Бозала таңның
Бозарып тұрып атқаны-ай.
Жабыққаныңды,
Қамыққаныңды ұмыттың,
Күдікпен емес, үмітпен
Бойды жылыттың.
Бірікпей қайда барады
дейсің апыр-ау,
Шаңырақ болса,
Шаншылар жері уықтың.
Себезгі мұңның
Сейіліп кеткен кермегі,
Сендегі кескін
Жарасын жанның емдеді.
Астана болып
Бас қала келер дегенге,
Біреулер сенді,
Біреулер мүлде сенбеді.
Қаланың өркен
жайғанын сонда шын қалап,
Елбасын қолдап,
Қаншама жандар терледі.
Жанарға шаттық
үйірген сезім сияқты,
Еліткен еді
Шаһардың сұлу өрнегі.
Атадан алған,
Анадан алған тәлім бар,
Қазақ деп соққан
Жүрегің менен жаның бар.
Бәрінен биік қоятын
Ұятың арың бар,
Құдайдай сыйлар
мейманын қиын шақта да,
Бұл қазақ деген
Кең пейіл ел ғой, наныңдар.
Астана менен
Алматысы бар,
Қос қанат.
Қазағым менің ел екенсің ғой,
Бағың бар!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері