Тәуелсіздік таңы – Роза Сейілхан

Бұл бетте «Тәуелсіздік таңы» атты Роза Сейілхан жазған тәуелсіздік туралы өлең берілген.

Атқанда тәуелсіздік таңы күліп,
Жақындай түседі екен жаныңа үміт.
Толқын боп буырқанар теңіз өмір,
Дүбірлі дүниенің заңын ұғып.
Сезініп, еркіндікті жер де тынып,
Кетті ғой бау-бақшалар тербетіліп.
Сағыныш кернеп кеткен көкірегін,
Табиғат төсейді енді желге тұнық.
Аптабын баса да алмай барады күн,
Күн кетсе, түн де келер қара бұрым.
Тәуелсіз тіршіліктің самайынан,
Тым ұзақ сипап тұрды жаралы мұң...
Туған ел, туып-өскен жерді құшып,
Ақ қанат ақ көгершін келді ме ұшып.
Көгімде көк байрағым желбірейді,
Береке-бірлігіміз енді ұғысып.
Қара бұлт жылады да, жасыны ойнап,
Сіңді кеп, кең далаға жасы бойлап.
Туған жер, жүрміз енді төскейіңе,
Ап-аңғал күміс күлкі шашып ойнап.
Шаттықтан жарылардай жүрегіміз,
Көп күткен орындалды-ау, тілегіміз.
Қыранын қалықтатып аспанында,
Биіктен қолын бұлғап тұр еліміз.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері