Анау жатқан біздің тау, біздің ауыл – Роза Сейілхан

Бұл бетте «Анау жатқан біздің тау, біздің ауыл» атты Роза Сейілхан жазған табиғат туралы өлең берілген.

Анау жатқан біздің тау, біздің ауыл.
Күндеріндей көңілсіз күздің ауыр.
Бір салқындық орнапты ел ішінде,
Өкпелетіп алғандай қызды бауыр.
Бұл салқындық көп болды орнағалы,
Қырдан ескен бір дауыл долданады.
Кәрі шеше сүйеніп таяғына,
Жоқ іздеген жоқшыдай жол қарады.
Әжім басқан жүзінде жатыр үміт,
Өн-бойынан бір ашу атырылып.
Көктен тілеп көк төбет несібесін,
Жуындыға жарымай жатыр ұлып.
Ішкен ұлдың көзінде мән қалмаған,
Өшіп, сөніп бітіпті мәңгі арман, ән,
Адамдықтың барлығын ада ғылып,
Бұл не деген жынды су жанды арбаған.
Қызғалдағы құлпырып қырды басқан,
Қиялдағы ақ арман шынға ұласқан.
Қайда кетіп барады қайда маңып,
Ақ мақтадай ақ бұлттар шыңды басқан.
Неге жылап қайтамыз ауылдан біз,
Сөз ести ме апыр-ау бауырдан қыз.
Жат жұрттықсың сен енді, сәл сабыр ет,
Жанарына шық моншақ тағынған қыз.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері