Барлығы да баспаналы қатардың – Роза Сейілхан

Бұл бетте «Барлығы да баспаналы қатардың» атты Роза Сейілхан жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Барлығы да баспаналы қатардың,
Үмітіме балта шапты бір күдік.
Төріне озып Алматыдай шаһардың,
Үй алғандар қуаныштан тұр күліп.
Үй алғандар шаттанады шынайы,
Туса оңынан қайтпек енді Күн, Айы.
Жазсын Тәңір дедім іштей күбірлеп,
Жазсын Құдай шаттануды ұдайы.
Пешенемнен көрем бәрін сынақтың,
Кедергіні алған дейсің сұрап кім.
Сүйген құлы мен болармын Тәңірдің,
Содан бәлкім, сол үшінде жылаттың.
Өкінбеймін, өкінгенмен жоқ амал,
Жалықтырды жалған үміт, жорамал.
Тым кешігіп келген сұлу көктемдей,
Бір бақытым келер, келіп қол алар.
Баспанам жоқ, көлігім де, жоқ түгім,
Пәтер жалдап өтіп жатыр көп күнім.
Жығып алып жұлмалады мына өмір,
Қанша жүрдім ортасында соққының.
Қос құлыным, ойнай алмай бір еркін,
Іште жанған басыла алмай тұр өртім.
Жаңғырығып шаңырағы шаттықтан,
Болар ма екен, шын жүректен күлер күн.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері