Жаздан да кетті жарасым – Роза Сейілхан

Бұл бетте «Жаздан да кетті жарасым» атты Роза Сейілхан жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Жаздан да кетті жарасым,
Күңгірт күн күттім күзді мен.
Күндіз бен түннің арасын,
Бір ойлар басты мүлгіген.
Ақылдан күттім ізгілік,
Жеңдіріп бәрін сабырға,
Сыбырлайтындай үздігіп,
Жалғыздық, тілсіз қабырға.
Өмірге ғашық жүрегім,
Бұрып ем, мойным із де жоқ,
Жақсылық қана тіледім,
Басқадай ниет бізде жоқ.
Нені іздеп, таптым нені мен,
Тынымсыз масаң қаладан.
Түнгі әуенге үнсіз елігем,
Орын ап бір мұң санадан.
Көнемін, талай көнгенмін,
Тағдырдың сыйын қабыл ап.
Өлеңнен өрім өргемін,
Жалындай жырға жанып ап.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері