Үзіліп кете бардың – Роза Сейілхан

Бұл бетте «Үзіліп кете бардың» атты Роза Сейілхан жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Бөлем Тимурға

От едің лапылдаған,
Шоқ болып қызатынсың.
Қамалын қиындықтың,
Өзің-ақ бұзатынсың.
Жанарың жасын еді,
Жарқ етсе, жандыратын.
Басқа емес, ханның қызын,
Есінен тандыратын.
Бөлем ең бөліп жеген,
Бір нанды талай бірге.
Оралмай қойғандайсың,
Кетіп ап талай күнге.
Сүйгенсің жарық күнді,
Сен оған ынтық едің.
Жыласам «Мен бармын» деп,
Көзімді сүртіп едің.
Бәрін де жақсы көрдің,
Бәріне нұр тіледің.
Өзіңді пана тұттым,
Бар ғой, деп бір тірегім.
Үзіліп кете бардың,
Шағыңда жанып тұрған.
Мен сөйтіп жеке қалдым,
Дүние-ай, зарықтырған.
Есімде әлденеге,
Асығып жүретінің.
Сия алмай тар денеге,
Кеткенсің, білетінім.
Жүрегің жылы еді шын,
Адалым аңқылдаған.
Аңырап білемісің,
Қалды ғой артыңда анаң.
Бұйырғай жұмақ мекен,
Пейіштен атып ақ таң,
Неліктен жылатты екен,
Сұрашы, жапырақтан.
Сен енді білесің ғой,
Мүлгіген тілін бақтың...


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері