Ерболатқа – Роза Сейілхан

Бұл бетте «Ерболатқа» атты Роза Сейілхан жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Жаңбыр емес, жас тамды құйып көктен,
Бір ұл ең ғой, өмірді сүйіп кеткен.
Қарақаттай жанарың нұр сүйетін,
Кімнің көзі болды екен тиіп кеткен.
Кімнің тілі болды екен тиіп кеткен,
Жақсылығын жандар ма үйіп-төккен.
Балапаны сияқты ең қарлығаштың,
Қанатыңды кім екен, қиып кеткен.
Сүйікті едің, сүйкімді құлыншағым,
Қайда кеттің желкілдеп тұлымшағың.
Өзің де ұқпай қалдың ба не болғанын,
Мөлдіреген жанары ұрыншағым.
Елес болып кеттің ғой, заматта бұл,
Дара қылып Құдайым жаратқан ұл.
Бақилыққа көз жұмып кеткеніңде,
Жүк көтеріп бар әлем баратты ауыр.
Жаңбыр емес, жас тамды құйып көктен,
Жарық күнді ұл ең ғой, сүйіп кеткен.
Қарлығаштың сияқты ең балапаны,
Кімнің тілі болды екен тиіп кеткен,
Кімнің көзі болды екен, тиіп кеткен.

P.S. (Тфә, тфә дейікші, бұдан кейін...)


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері