Ананы алып бер, дейді ұлым маған – Роза Сейілхан

Бұл бетте «Ананы алып бер, дейді ұлым маған» атты Роза Сейілхан жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Ананы алып бер, дейді ұлым маған,
Мынаны алып бер, дейді қызым маған.
Анаң болса көзде мұң, жүзінде алаң.
Бір Алладан жалынып, сұрайтыны –
Ұлымды аман қыла гөр, қызымды аман.
Құдайына содан соң жалбарынар,
Қос құлынды қолда, – деп Қызыр бабам.
Үй салайық, – дейді де ұлым маған,
Құмсағатты көрсетер зуылдаған.
Барлығы да болады, – деймін күнім,
Жалақысын алады жуырда әкең,
Жалақысын алады жуырда анаң.
Жармағандай ол ақша жетер ме екен,
Бізді балам, бақытты етер ме екен.
Арманымыз түбі бір орындалар,
Сондықтан да еңсеңді көтер, көкем.
Жұбатамын ұл-қызды жігер беріп,
Әлі бізде болады мінер көлік.
Бас аманға не жетер деймін сосын,
Төрт құбылам қалғандай түгелденіп.
Бөрі арығын білдірмес, болар бәрі,
Қайшылықтар жоғалса қоғамдағы.
Қатыгездік жоғалса қоғамдағы,
Адамзаттың пейілі түзу болғай,
Сонда ғана бақыттың толар бағы.
Сонда ғана жемістің толар дәні.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері