Сағынбайтын секілді ем, мен ешкімді – Роза Сейілхан

Бұл бетте «Сағынбайтын секілді ем, мен ешкімді» атты Роза Сейілхан жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Сағынбайтын секілді ем, мен ешкімді,
Сағынатын бір адам керек сынды,
Көлеңкесін түсірер терек сынды.
Ұмтылармын сол кезде күнге қарай,
Жаңа жарған қауызын желек сынды.

Ойламайтын секілді ем мен ешкімді,
Ойлайтұғын бір адам керек сынды.
Тіршілікті ұмытып, егес күнді,
Тағдыр солай өзгемен теңестірді.
Қамыр илеп жатып та, кеспе кесіп
Естігім кеп тұрады сол ескі үнді,
Күмілжіген бата алмай көмескі үнді.

Еһ, дүние-ай, көңілің қалғанменен,
Болмайды екен қол созып барғанменен.
Маздамайсың лап етіп жанғанменен,
Өтеді өмір екен-ау, арманменен.

Жетем деген жеріме жеттім бе енді,
Түсініксіз бір азап шектім бе енді.
Сағындырған беймәлім адамға еріп,
Көз көрмейтін бір жаққа кеткім келді.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері