Сырға наз – Сырбай Мәуленов

Бұл бетте «Сырға наз» атты Сырбай Мәуленов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 07.02.2016
  • 0
  • 0
  • 2821
Жағаңда таппай жаны ұя,
Жәбірді ел сенен көп көрді.
Сыңарың Амудария
Жіберді жұтып Төрткөлді.
Атың бір болды жария
Алтынға сені баладық.
Жырладық сұрғылт дария,
Жатыр деп сенен бал ағып.
Құмдарды кейде сапырдың,
Қабағыңнан тас жауып,
Арнаңнан шығып атылдың,
Ауылды жұттың бас салып.
Сарайды саздай иледің,
Келмедің әсте тобаңа.
Үйірдің жұрттың үйлерін,
Мал-мүлкін салып додаға.
Ашыла берді араның:
«Бәрі де маған керек» деп.
Мазасын алдың даланың,
Делқұлыдай дедектеп.
Асыр салған көктемде,
Еркелігің жетті елге.
Мен тұрмын саған наз айтып,
Жалбарыну жоқ менде.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері