Бұл бетте «Істейді көрген көргенін» атты Сәли Садуақас жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Көршіміз біздің бұрыннан,
Қимылы ғажап, қызық жан.
Жүреді дайым көтеріп,
Сызбаны алуан сызылған.
Заводта ерте құрылған,
Істейді екен бұрыннан.
Түзепті талай көңкені,
Тозығы жетіп бұзылған.
Ғылымға шексіз сенетін
Икемге жылдам келетін.
Бұзылса қандай мүлкіміз,
Сол кісі жөндеп беретін.
Баланың тауып ермегін,
Ойыншық жасап бергенін
Қызықтап талай көргемін,
Қасына мен де ергемін.
Қолөнершілік атағы,
Таралып күнде жатады.
Мінезді, судай сіңсе елге
Өнерде балдай батады.
Тыным жоқ ерте, кештері,
Сызады алуан кестені.
Ермегі әйтеу бос кезі,
Кенжесі биыл бесте еді.
Ал, содан көрдік жаңалық
Көңкені берген жаңа алып –
Быт-шыт қып бұзып тастапты,
Осы ғой дестік балалық.
Таусылды сәтте шыдамым,
– Бұның не қылық, шырағым? –
Десем мен, дейді: – көңкімді
Атамша құрап шығамын.
Көрінді шаттық көзінен
Батылдық ұқтым сөзінен.
Ойымды дереу түзеттім,
Сарапшы – сынның тезімен.
Көргенде мұны атасы,–
Жоқ, – деді мұның қатесі.
Дарыпты дейді әуелі,
Арғы атасының батасы.
Сәбиде емес, менде мін,
Талантын неге көрмедім.
Дейді екен соған халқымыз:
– Істейді көрген көргенін.
- Рымғали Нұрғалиев
- Серік Қирабаев
- Мұхтар Әуезов
- Міржақып Дулатұлы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі