Қатпа
Бұл бетте «Қатпа» атты Сәли Садуақас жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
(Абай Құнанбайұлының 165 жылдығына арналған деректі поэма )
Шалқар тұсы шілденің ми қайнаған,
Келген, кеткен ауылға – тынбайды адам.
Ортасында ақ боз үй, солай қарай
Келе жатты балалар бірге ойнаған.
Ел көзінен әдейі оңашалап,
Кеңес айтып молдаға орашолақ –
Шыққан Абай, тұрған-ды мына сәтте,
Балаларды сүйіне тамашалап.
Өкпелері алқынып ісіп-кепкен,
Өрге шығып, жарыса түсіп беттен –
Келді бәрі, қалды артта жалғыз бала
Үсті дал-дұл, еңсесі түсіп кеткен.
Баста бөрік, жарғақ тон қаудыраған,
Жасқа толы жанары жаудыраған.
Еріндері итжалақ, беті сатпақ,
Мойны күс-күс, иығы салбыраған.
Күн аямай аптабын төгіп көктен.
Тер – қорғасын балқиды еріп беттен.
Қос қабақтың астында қос жанары,
Шүңірейіп ішіне шөгіп кеткен.
Бас па,
Тас па бөріктің астындағы?
Сауыс қотыр, қанды ірің бастың бәрі.
Іші қандай сорлының ойран-асыр,
Беп-белгілі дертінің асқынғаны.
Басқа бала бір келкі сай тасындай,
Шама қайда олармен «айқасуға».
Шұрылдайды бақадай ішектері,
Кіндік қалған жабысып арқасына.
О, жаратқан!
Пендеңді түсінгейсің.
Түсінгенде жанға дерт түсірмейсің.
Ал, мынаның болмаса қозғалысы,
Қатырылған қара тас – мүсін дейсің.
Қам-қайғының жүрегін қажытқаны,
Беп-белгілі, өмірден жалыққаны.
Алақұйын қисайтып иіп кеткен,
Бір тал қурай секілді жазықтағы.
Осыны екшеп тұрғанда ақын сана,
Деді молда жақын кеп: – ақылшы аға,
Қайда сүңгіп кеттіңіз, селт етпейсіз.
Кезек-кезек балалар шақырса да.
Сөгілді де ойының көбесінен,
Бұрылды ақын молдаға денесімен.
Тұрғаны хақ болатын жайрап бір сәт,
Жай түскендей күй кешіп төбесінен.
– А, не дейді-ау, білесің әлі-ақ бәрің,
Жетіледі қауырсын, қанаттарың.
Ал, сендерден сұрайын,– әнеу тұрған
Қайсы атаның баласы, қарақтарым.
Айтыңдаршы онымен қандайсыңдар,
Одан неге бөлініп ойнайсыңдар.
Байқап тұрмын манадан, ол сорлыны
Іштеріңе неліктен алмайсыңдар?
Бәсекеде – оқуда тез көрінбей,
Жүрме әлде береке, сөзге кірмей.
Жоқшылықтың айғағы – үстіндегі,
Болмаса ол да бала ғой өздеріңдей.
Көңілдердің сандығын жабыла ашып,
Сөйлеп кетті балалар жамырасып:
– Қорамжанның баласы, аты – Қатпа,
– Шын аты ма, басқадай аты жоқ па?
– Басы қотыр, иісі іріңінің
Мүңкиді де тұрады атырапқа.
– Мандам – мандам бес елі самайлары,
– Ел біледі есімін маңайдағы.
– Алып келген әкесі биыл қыста,
Жігітектің (1) ішінен қара ойдағы.
((1)Тобықты ішіндегі бір атаның аты.)
– Оның жайын бір ұқса әжесі ұғар,
– Кім біледі ұғымтал – пәле шығар?!
Біздің оқу басталар, басталмастан
Кеп алады, оқудан дәмесі бар...
Аш-жалаңаш, қорланған күйіне бұл,
Күйінсін бе қатыгез құйын – өмір.
– Бит дегенің торғайдай, мойны ырғайдай
Қарамайды өзі де түріне бір...
Міне осылай бірі атып, бірі қағып,
Бірі қайрап, сыбанып бірі жанып.
Шулап кетті балалар сырт айналып,
Ұзай берді бейшара тірі ғаріп...
Көп қиянат көрсе де өз елінен,
Қабырғасы қайысып, төзе білген,
Ақын жаны әп-сәтте кетті боздап,
Ақжалынды бұрқатып өзегінен.
Ойлады екен сол сәтте ақын нені,
Не сыйлады жүрекке ақыл кені?
Етегіне оралған немересін,
Бұйырды өзі: – Қатпаны шақыр! – деді.
– Шақырып кел! ертіп кел, келсін бері,
Үлкен үйге ертіп бар, көрсін мені.
Айапаңа айт, жіберсін маған қазір,
Жігіт пенен келіншекті көрші үйдегі.
Бәрлерің де барыңдар, қарақтарым,
Бұзылмасын сандарың – санаттарың.
Қатпаны да көрейін, байқайын бір,
Қаншалықты екенін шанақтарың.
Деді де Абай үйіне бұрып кетті,
Молданы ертіп, адымдап жүріп кетті.
Отыр екен толықсып Айгерімі,
Әніменен тамсантып жиып көпті.
Езілгенін сезді ме ел жүрегі,
Ақын пейілі лезде елжіреді.
Әлде біреу саңқ етіп босағадан;
– Қорамжанның Қатпасы келді! – деді.
– Кіргізіңдер Қатпаны, келсін былай,
Көзі болса пендесін көрсін құдай.
Бұл дағы бір атаның ұлы емес пе,
Қабыл көріп тілегін берсін құдай.
Шыншыл болса әуелде хақтағалла,
Жұқпас та еді-ау қашанда аққа қара.
Адам болу өзіңнің төл борышың,
Ең алдымен осыны ұқ Қатпа бала.
Шапағатшыл болса егер хақтағалла,
Бір-біріне адамдар жат бола ма?
Өмір деген майданы бақ пен сордың,
Бақытыңды тап ерте Қатпа бала.
Әділғазы болса егер хақтағалла,
Біреулерге біреулер таптала ма.
Сен де адамсың, шырағым, ет жүректі.
Қорашсынба өзіңді Қатпа бала.
Бықси берсең өшесің, жана алмайсың,
Жана алмасаң, ғұмырды тамамдайсың.
Мынау – шілде айы ғой, ми қайнаған
Басыңдағы бөркіңді неге алмайсың?
Қоштасқандай лезде ескі өмірмен,
Ақын сөзін тыңдаған қош көңілмен –
«Басыңдағы» дегенде-ақ зәресі ұшып,
Басты бала бөрігін қос қолымен.
– Қорықпа бала, бөркіңді алдырмаймын,
Айт жөніңді, ұятқа қалдырмаймын.
Қотыр болып анадан тумайды ешкім,
Саудың бәрі болмайды алғыр дәйім.
Қашан түскен басыңа қотыр жара?
Естіледі құлаққа атың дара –
Қатпа дейді неліктен? дастарханға
Жақын отыр, қымыз ал, отыр бала!
Орныққандай Қатпаның көңілі енді,
Елжіреді, езілді, еміренді.
«Сен де адамсың» дегенді тұңғыш рет
Естуі осы, жылады тебіренді...
Әлде қалай бойына қуат кіріп,
Сөйлеп кетті балақай жылап тұрып:
– Жүрген кезде зарығып ұлдан әкем,
Қыс ішінде, жұт жылы туған екем.
Қалжа түгіл зарығып қара суға,
Анам байғұс сонда көз жұмған екен.
Әкем сорлы ұрлық қып шатасыпты,
Ауылнайлар үстінен сот ашыпты.
Мешел болып жатыппын беске дейін,
Содан мені «Қатпа» деп атасыпты.
Құлантаза сау екем бастабында,
Етек жаптым, ес біліп қас-қағымда.
Көктем кірді, басыма қотыр түсті,
Алдыңғы жыл – сегізден асқанымда.
Содан бастап бұзылды келбетім де,
Өлмеген соң жүрмін ғой жер бетінде.
Қолы қысқа болған соң сорлы әкемнің,
Еш амалы болмады емдетуге.
Қарай алмай ешкімнің есігінен,
Ауысқандай күй кештім есім бірден.
Өршіп кетті қотырым басымдағы,
Өткен жылғы сүзектің кесірінен.
Жатқан кезде бір жақтан аштық жығып,
Өткен жазда қара ойда тасқын жүріп,
Суда қалып бір сөтке, бұл – пәлені.
Алдым мүлде өршітіп – асқындырып.
Жегіқұрттай басымды қажап қайғы,
Шырқыраған жанымды азаптайды.
Маңайына еш адам жолатпайды,
Көрген жерде балалар мазақтайды.
Сөнбеген соң іштегі жалын – демім,
Бағысып жүр мүсіркеп жанымды елім.
Әжем науқас, әкем жүр қолыңызда,
Міне – осылай қазіргі халым менің.
Ғаріп шырай басылып көзге бірден,
Көңілдерге көрінді өзге мүлдем.
Ессіз емес, Қатпаның естілігін,
Ақын жаны байқады сөздерінен.
– Тартынбадың, жарайсың, Қатпа балам,
Біз секілді сені де тапқан ана.
Жарығыңды өшірме жалыныңды –
Лауылдатсын жар болып хақтағалла.
Мені деп ұқ қамқоршың, жақының да,
Көнуің шарт сөзіме, мақұлыма.
Қашанда біл; адамның адамдығы,
Көрінеді парасат – ақылында!
Ел танылса ежелден елдігімен,
Ер танылар еңбекпен, ерлігімен.
Ұққын балам; ешкім де шалдықпайды,
Ауруға, індетке кемдігінен.
Бос қиялға салынып құрма кеңес,
Жер қаптырып кетеді құрғақ елес.
Ақылды боп немесе ақымақ боп,
Ешбір пенде анадан туған емес.
Адамдардың еркіне билетпеген,
Құбылыс қой дерт деген, індет деген.
Сарқу деп ұқ бойдағы қан мен терді,
Мағыналы бір ғұмыр сүрмек деген.
Өткір екен қарағым тілің бөлек,
Ділгір бәлкім, байқаймын, ділің де ерек.
Рухани еркіндік табу үшін
Кімде – кімге алдымен білім керек.
Аңыз болып қалады ел ішінде,
Өмірдегі жеңіліс, жеңісің де.
Парызың не, өтейтін борышың не?
Оқу оқы, білім ал сол үшінде.
Ал, балалар, Қатпаны естідіңдер,
Ет жүректің қадірін есті білер.
Ертең бастап оқысын сендерменен,
Бұны дағы кәдімгі дос біліңдер!
Өнер – білім жандарын сүйіндірсін,
Бұл сөзімді бәріңнің үйің білсін.
Ал, Айгерім көршіңе өзің тапсыр,
Жуындырсын Қатпаны, киіндірсін.
Аңқып тұрса жасаған ғасыр лебі,
Ақыл-ойы адамның – асыл кені.
Терезең тең өзгемен
Қатпа балам,
Рухыңды серпілтіп бас ілгері!
Түс көргендей ғажайып қайран – ғаріп,
Қалды сәтке дал болып, қайран қалып.
Ертесінде бөріксіз, тақиямен
Шыға келді тазарып, жайраң қағып.
Жатқанымен телінбей ауыл қашық,
Екені хақ білімге дәуір ғашық.
Дәуірінің ойшылы – ұлы Абайға,
Кетті солай Қатпамыз бауыр басып.
Ақын сөзі табанда атқарылды,
Айға жетпей Қатпамыз хат таныды.
Мейіріне Абайдың пейіліне,
Ауыл-үйдің алғысы ақтарылды.
Ауыл-аймақ алғысын үйіп төкті,
Мәртебесін ақынның биіктетті,
Үш ай өтіп арадан, ақын Абай,
Қатпаны ертіп Семейге жүріп кетті...
Абай өзі он күнде қайтып келді,
Жаңалықпен, өлеңмен балқытты елді.
Ал, Қатпаның Семейде – емханада,
Дауаланып қалғанын айтып берді...
* * *
Бес жыл өтті, арада он жыл өтті,
Жарлы байып, жас өсіп сезді көпті.
Қара нардай қасқайып, Қатпа бала
Азамат боп ержетті ер жүректі.
Жатсынбайды өзіне жан баласын,
Жасырмайды көңілінің жарнамасын.
Екі кісі мінгендей екі иығы,
Шырайына мұнтаздай таңғаласың.
Көмейінен асқақтап арман әні,
Желпінтеді сарғайған сардаланы.
Ел дегенде етегі жасқа толып,
Абайша ойлап, Абайша зарланады.
Ерше жылап, баладай уанады,
Әділдікті жүрегі құп алады.
Надандыққа Абайша жиренеді,
Адалдыққа Абайша қуанады.
Жарығы етіп жанының отты өлеңді,
Жемқорлықты өлердей жек көреді.
Жаршысы боп Абайша жаңалықтың,
Зұлымдыққа Абайша кектенеді.
Қатпарында жанының сертін бүгіп,
Ез тірлікті мінейді еркін жүріп.
Талқысында даланың тартысында,
Тастайды ылғи Абайды желпіндіріп.
Ел ішінен кездейсоқ шаруа шығып,
Сахараны тімтініп шарласа ұлық –
Халық жоғын жоқтайды, ол басқарған
Жатады ылғи құлпырып шаруашылық.
Берекеден бөлініп – жырылмайды.
Арекеге – алауыз ұрынбайды.
Абай десе жүрегін қолына алып,
Абай үшін қызғыштай шырылдайды.
Тіл қатпайды көңілінің күйі сүймей,
Көншімейді терінің нілі сіңбей.
Өз алдына бір тұлға – Қатпа жігіт,
Болып кетті Әбіштің інісіндей.
Сарыарқаның пейілі даласындай,
Күллі алашты сүйеді аласынбай.
Басына отау, бауырына қазан асып,
Болып кетті Абайдың баласындай.
Жаны сүйіп атар таң, батар күнді,
Салдық құрды...
Ел жортты, отар жүрді...
Сұңғылалық Қатпаны өзі тұстас,
Жігіттердің ағасы атандырды!!!
СӨЗ ЖИЯР
Ел кеспірін көрсетер тапқан айна –
Өлең-жырдың шырағын жаққан ойға,
Болмаса егер Абайдың Абайлығы.
Біз білетін кейінгі Қатпа қайда?
Тағылыққа тар кезде тапқан айла
Өнер-білім шуағын жапқан ойға,
Болмаса егер Абайдың Абайлығы,
Ел білетін кейінгі Қатпа қайда? ...
- Рымғали Нұрғалиев
- Серік Қирабаев
- Мұхтар Әуезов
- Міржақып Дулатұлы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі