Жарығым

Бұл бетте «Жарығым» атты Бақберген Рахым жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Жырақ кетпей жатып сені сағындым,
Сағындым да тағдырыма бағындым.
Сені ойлап айдан, күннен емес-ау,
Тартып отқан тасбихымнан жаңылдым.

Сылаң қаққан таудың ерке бағланы,
Сұм жалғанның сенсіз қандай бар мәні?!
Табиғатқа қарап емес мен, сірә,
Сені көріп мойындағам Алланы.

Малым емес, жаным құрбан жолыңда,
Бар дертімнің шипасы бар қолыңда.
Намазымды түгелдедім бес уақыт
Саған дұға ету үшін соңында.

Демің – дәрі, жанға дәру, ем неткен?!
Зәмзәм суы – ол да жасың сен төккен.
Намаздағы бағытым да, белгім де,
Қағба емес, сен – құбылам, сен – меккем.

Пайғамбар мұғжизасы – сенің көзің,
Әулие кереметі – керім сөзің.
Тура жолға бастай гөр, шипагерім,
Түзу жолдан адасқан кезімде өзің.

Қара тастай қадірлі қызыл ернің,
Сол ерніңді сүюге үздігермін.
Саған деген сезімім үзіледі,
Бойымдағы әзиз жан үзілер күн!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Ұқсас өлеңдер

Басқа да жазбалар