У...ға

Бұл бетте «У...ға» атты Қуандық Шаңғытбаев жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Нұрданбысың, һұрданбысың,
Кер маралдай қаламқас?
Күннен туған бiр жанбысың,
Айтшы, жаным, қолаң шаш!

Дүррi гәуhар екi көзiң
Қара жалын шашады:
Бейшараңнан кеттi төзiм,
Сабыр-тағат қашады.

Ет жүрегiм балқыды ғой,
Алқындым ғой, қарағым,
Балқыдым ғой, таусылып ой,
Талмаусырап барамын.

Ерiп денем кеттi елжiреп
Таң самалы лебiңнен.
Қаталады, кептi жүрек,
Тамызшы бал ернiңнен.

Кеудемдi өртеп кеттi лаулап,
Махаббатқа жоқ қой дәт.
Тал бойыма ақты саулап
Әлемдегi бар ләззат.

Мен балқыған қорғасынмын,
Сен жалынсың, перiштем.
Сенсiз жалқы қорғансызбын,
Түсшi төмен пейiштен.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері