Қайран өмір

Бұл бетте «Қайран өмір» атты Қуандық Шаңғытбаев жазған өмір туралы өлең берілген.

Қу дала, жалғыз қалған жапанда
бір мола.
Бұл дүниеден кеткен ол
біржола.
Қайран өмір, қайран өмір... өмір-ай!
Қыз ба екен, кімге көзін бір кезде
сүзді екен?
Ажал неге жас гүлді
үзді екен?
Қайран өмір, қайран өмір... өмір-ай!
Жігіт пе, көрде жалғыз жатарын
біліп пе?
Қалды-ау енді арман да
үміт те.
Қайран өмір, қайран өмір... өмір-ай!
Қу дала, жалғыз қалған жапанда
бір мола.
Біз де бір күн кетерміз
біржола.
Қайран өмір, қайран өмір... өмір-ай!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері