Құбылып жалт – жұлт бұп-бұйра жоны
Бұл бетте «Құбылып жалт – жұлт бұп-бұйра жоны» атты Қасым Аманжолов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
«Құбылып жалт – жұлт бұп-бұйра жоны,
Суылдап сырғып, аңқыолап лебі.
Терең ой, алуан хикая толы
Арнаға сыймай кең көкірегі.
Алыстан тартып дүние сырын,
Көзімен көрген көп қилы заман.
Ойнатып толқын Украина ұлын
Төсіне құшса, құмары қанған.
Жағасы жайлау, етегі өріс,
Жатқан бір жомарт қарық қып елін.
Атаңа нәлет, бұзақы фашист:
Ылайлап суын, жұлқылап жерін.
Қаңғып кеп сонау ит өлген шеттен,
Кәусармен жуды қолдарын арам ...
Мұңайып көптен, ұлдарын күткен
Мінеки Днепро – даңқты бабаң».
Қуанып Мартбек, басып кеп нық-нық
Берді кеп рапорт:
- Лейтенант жолдас!
Бұйрығыңызды орындап шықтық!
Днепрге жеттік! Шығын бар біраз...
Бітіртпей Волков Мартбектің сөзін,
Қалтырап қолы, күбірлеп ерні.
Құшағын жайып, кең ашып төсін,
Сорғалап жасы сүйді кеп ерді.
- Командир жолдас!
Жігіттер шөлдеп,
Қаталап кепті, оқ нөсерлетіп.
Алғызбай суды, аралдан көздеп,
Барады жаудың қылығы өтіп.
Лейтенант Волков тамсанып, талып,
Дей берді бұ да: Днепро... су... су...
Қара түн көзін нажағай шалып,
Қап-қара бір бұлт келеді төніп.
- Төгіндер оқты, аралға мына, -
Деді де кетті күмп беріп суға.
Бермеді мұрша, ашу мен ыза
Не ойлануға, не қоштасуға.
Алдында жүзіп пулемет «Максим»,
Келеді Мартбек бұрқатып атып.
Шойын боп үсте су сіңген киім,
Ойнайды өлім аяқтан тартып.
Біресе алдан, біресе арттан
Түседі жаудың оқтары зулап.
Көк ала толқын – шөптей боп шапқан
Жапырылады үйіле құлап.
«Біздің де аяр жанымыз жоқ» деп,
Қарғыды суға жауынгер бір топ.
Қадалып жатыр кеудеге оқ кеп,
Сонда да ерлер келеді сілтеп.
Келеді сілтеп, уралап, шулап,
Жаудырып оқты бұл жанталаста.
Үстінде Днепро толқын боп тулап,
Ажалды аста тепкілеп басқа...
1944
- Бенедикт Спиноза
- Ясунари Кавабата
- Мұстафа Шоқай
- Абай Құнанбайұлы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі