Еркін ініме

Бұл бетте «Еркін ініме» атты Қасым Аманжолов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Ойлаймын да жүдеймін,
Сағындырдың, Еркінім.
Тез жетсін деп тілеймін
«Аға келді» дер күнің.
Жалаң аяқ жарысып,
Ойын салып, ойнақтап.
Жас шағыңмен алысып
Жүргеніңде, кілт тоқтап,
Қарайсың ғой, білемін,
Әрбір өткен солдатқа.
Шым етіп жас жүрегің,
Мені ойлайсың сол уақыта.
Сәл тұрасың елжіреп,
Қабақ шытып, ойланып.
«Ағам менің келді» деп,
Мақтана алмай, қорланып.
Ойлаймын да жүдеймін,
Жеткіншегім, Еркінім!
Тез жетсе екен, тілеймін,
«Аға келді» дер күнің.

1945


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері