Хан тәңірі

Бұл бетте «Хан тәңірі» атты Қасым Аманжолов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Хан тәңірі –
қарт Таянь- Шаньнің жүрегі...
Хан тәңірі –
көк аспанның тірегі...
Хан тәңірі –
көп жасаған қария,-
Хан тәңірі –
жер жүзіне жария.
Хан тәңірі –
жүрегі – тас, қаны – сел,
Хан тәңірі –
лебі – боран, демі - жел.
Хан тәңірі –
қабағынан қар жауған,
Хан тәңірі –
балағынан қан тамған.
Хан тәңірі –
бұлт жамылып, мұз киген,
Хан тәңірі –
көкті құшып, күн сүйген.
Хан тәңірі –
жерге басын имеген,
Хан тәңірі –
көк әлемін билеген.
Хан тәңірі –
қаһарынан қайтпаған,
Хан тәңірі –
ешкімге сыр айтпаған
Хан тәңірі –
екімге бой бермеген,
Хан тәңірі –
еш бағынып көрмеген
Хан тәңірі –
бағынбасқа серт қалған,
Хан тәңірі –
қарсылассаң, мерт қалған.
Хан тәңірі –
күнге ғана табынған,
Хан тәңірі –
хабар алған сағымнан.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері