Домбыра
Бұл бетте «Домбыра» атты Қасым Аманжолов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
1 өлең
Домбыра мұнша шешен болдың неге,
Күй толған көкірегің шежіре ме?
Сыр қозғап ғасырлардан жөнелесің,
Саусағым тиіп кетсе ішегіңе.
Аққудың әуеніндей үнің бар-ау,
Сарарқа самалындай ескен баяу.
Бөбектей бесігінде маужыраған
Тыңдаймын мен отырып ұйқылы –ояу.
2 өлең
Салқын кеш ашып тастап терезені,
Қолға алсаң қоңыр сазды домбыраны.
Қырандай қалықтатып қиял сені,
Асқар ой шыңына бір қондырады.
Жарқ етіп ашылды жұмбақ жаһан,
Әлемі ақындар мен күйшілердің.
Үн- тілсіз отырасың болып аң-таң,
Құпия сырын аңдап көк пен жердің.
Қоңыр саз домбырадан еске баяу
Тербетіп, көтереді сені ақырын.
Оянып, көкірегіңе келед таяу
Белгісіз әлде қайда жатқан жырың.
Сол мезет жайып тастап жаныңды алға,
Келер жыр жолын тосып отыра қал.
Тізіліп көз алдыңда жыр туғанда,
Құлшынып тағы қайта домбыраны ал.
1946
- Бенедикт Спиноза
- Ясунари Кавабата
- Мұстафа Шоқай
- Абай Құнанбайұлы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі