Шағалалы бойында

Бұл бетте «Шағалалы бойында» атты Ғали Орманов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Көк теңіздей толқып жатыр көп егін,
Қарай-қарай өлеңдетіп келемін…
Кенет бірақ құлақ түрдім өзге әнге,
Кешкі желдей шалқи ескен өзенде.
Жастар екен жаңа оралған егіннен,
Жандарына жақынырақ келдім мен.
Сұлу өзен сықылды бір толған жыр,
Қандай қызық жұмыстан соң сол дамыл!
Дүбірлете кейбіреулер билеген,
Жаңа өмірді жалғағандай дүниемен.
Күйші жігіт құлаштап тұр гармонын,
Құрбысына ағытқандай арманын.
Көп ішінен жалт етеді кейбір көз,
Жас бойына жарасымды сол мінез.
Жыршы Коля жуынбаған шаң бетпен
Гармоньшыға қатар тұрып әндеткен;
Кейде оқыс жаңылып, ол іркілсе,
Сыңғырлайды қыз біткеннің күлкісі…
«Шалқар» атты совхоздың бұл кеші еді,
Шалқыған бір жастық жыры өседі.
Тыңдар еді кімдер соны сүйінбей,
Кең даланы гулеткен өз үйіндей!
Бәріне олар қуанышын әкелген,
Құлатүзге өмір туын көтерген.
Көп қарадым мен оларға толқынып,
Көңіліме жан күйлерін толтырып…

Көкжиекте кешкі күн де тұр балқып.
Имек қанат шағалалар жүр қалқып.

8 март 1957 жыл


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Ұқсас өлеңдер