Төлеутайға

Бұл бетте «Төлеутайға» атты Қасым Аманжолов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Төлеутай, досым, құрбым,
Япыр-ай, тірі екенсің!
Қалың өрт, қанды қырғын,
Ұмытпай жүр екенсің.
Достарым бірі екенсің,
Солдатпын мен де өзіңдей.
Қан қатқан шинеліне;
Қасарып келем көнбей,
Ажалдың дегеніне.
Қасарып келем көнбей,
Қажымас, еш сыр бермей.
Уланса ақыл-сана
Үстінде ерегістің.
Болсам мерт қапияда
Оғынан бір немістің.
Кешер ме досым менің,
Кешер ме туған елім!
Қорықпаймын бір есерсоқ
Салар, деп қан шеңгелін,
Қорқамын жұрт сөзінен:
«Тым арзан өлді» деген.
Төлеутай, досым, құрбым!
Тынбаса қан жүректе
Астында алты қырдың
Жүрелік бір тілекте.
Маған да келер, саған
Бейбіт күн біз аңсаған.

1945


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері