Қысқы кеш
Бұл бетте «Қысқы кеш» атты Александр Пушкин жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Кешкі аспанда алай-түлей
Соққан боран көк дүлей;
Кейде ұлиды аш бөрідей,
Кейде жылап сәбидей.
Тозған лашық қамысындай
Суылдайды кейуақыт;
Түн қатқан бір жолаушыдай
Қағады әйнек бейуақыт.
Әрі мұңды, әрі күңгірт
Баспанамыз кеш құрым
Алдында әйнек болып жым-жырт
Неге отырсың кемпірім.
Әлде, досым, қажыдың ба,
Боран ұлып, бұйығып?
Әлде, талып қалғыдың ба,
Ұршығыңды иіріп?
Кел, ішелік осындайда,
Жарлы жастық серігім;
Ішелікші, кружка қайда?
Бір тарқасын шер бүгін.
Жырлашы бір,көк шымшық құс
Теңіз жайлап қалғанын;
Жырлашы бір, жас мұңлық қыз
Ертемен су алғанын.
Кешкі аспанда алай-түлей
Соққан боран көк дүлей;
Кейде ұлиды аш бөрідей,
Кейде жылап сәбидей.
Кел, ішелік осындайда
Жарлы жастық серігім;
Ішелікші, кружка қайда?
Бір тарқасын шер бүгін.
Аударған Қасым Аманжолов
- Бенедикт Спиноза
- Ясунари Кавабата
- Мұстафа Шоқай
- Абай Құнанбайұлы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі