Атын жаттап туғалы

Бұл бетте «Атын жаттап туғалы» атты Иран-Ғайып жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Атын жаттап туғалы,
Түстім Хақтың жолына.
Уақыт көшін қуғалы,
Қалам алдым қолыма.
Ара-жігімді айырдым,
Күндіз-түні сиынып –
Кәлимемді қайырдым,
Иманымды үйіріп.
Сәждеден бас көтермей,
Сарасына айналдым.
Осынша ойран етердей,
Неден жаздым –
Қайранмын?!
Танудай-ақ таным ем,
Неге түрпі тиеді?!
Жудым жүрек қанымен,
Аққа жұққан күйені...
Тегі Сүйген Құлына,
Батыра ма тізесін?!
Ала бермей қырына,
Қисайтқанын түзесін!
...Арзамды айтып жылаймын,
Білмедім –
Не күнәм бар?!
Ұлымды алған Құдайдың
Қарыны тоқ па –
Сұраңдар!..


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері