Бәрі-бәрі де

Бұл бетте «Бәрі-бәрі де» атты Иран-Ғайып жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Бәрі-бәрі де
Қолыңда емес пе?!
Ұзады әріге,
Айналды елеске...
Ұлымды алғаның –
Ұрқымды алғаның.
Қобыздай күңірендім,
Қурайдай сарнадым.
Танып есімнен,
Таусыла жыладым.
Теректей кесілген,
Серейіп құладым.
Мынау – жатқаным,
Жатып не айтамын?!
Неге қақпадың,
Түрткенде шайтаның!
Сүті адал – Ананың,
Менің – бейнетім...
Көз жазбай қарадым,
Көрем деп зейнетін.
Теріс көрмедің,
Шүкір, құр қоймадың.
Мүшелге келгенін
Былтыр тойладым.
Сүйдім бетінен,
Әшәуін иіскеп...
«Екі Жетімен»
Бітуі тиіс пе ед?!
Айтшы не істейін,
Періште күйде еді.
Туды да көш кейін,
Кетті ілгері...
Қусам жетем бе,
Ғайыбым – Мұнарға?!
Қинамай бекерге,
Жаным шығар ма?!
Кезім келді ме –
Кебін тіледім?!
Қимайды өлдіге –
Аталық жүрегім!
Тыным таппаймын,
Тұрмай қолдыаяққа.
Сақтансаң сақтаймын
Дегенің қаяқта?!
...Жөн...
Жөн-ақ.
Жөн ісің,
Аз сабыр қылайын.
Жақсылық кенісің,
Жарылқа, Құдайым?!
Тәңірсіп талайың,
Тілін тістеген.
Қанша дөй болайын,
Сенен күшті емен.
Шыбығыңа шыңғырдым,
Тәубе еттім таяғыңа –
Қолқама құм құйдым,
Тас байлап аяғыма!..


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері